Кәдеңізге жараса
90-шылардың ортасында интернет өмірімізге енді ғана келіп, біз оны біліп, ол қоғамға икемделе бастаған шақта интернеттен үміті зорлардың арасында “біз осы жарықтықтың құдіретін асыра бағалап жүрміз, хат-хабар жіберіп тұруға жараса да жетер,” – деп өздерін өздері жұбатқандар көп болды. Алайда, мүсіркелген жарықтықтың буына тез қатайып кетті. Енді міне, ол болмаса, бәріміз бірдей көзі соқыр, құлағы кереңнің күнін кешетін дәрежеге жеттік.
1965 жылы Massachusetts Institute of Technology-де құрастырылған алғашқы компьютер 100 шаршы метр жер алып тұрған. Қазіргі қалтаға салып жүретін телефон-компьютерлер сол компьютерден миллион есе арзан, мың есе қуатты және шағын. Он жыл бұрын бәріміздің қалтамызда бір-бір (екі-екіден ұстау ойға да келмейтін) ұялы телефон болады дегенге кім сенді? Дүниенің екі жағындағы адамдар бір-бірінің жүзін көріп отырып сөйлеседі және ондай байланыстың бағасы су тегін болады деген кімнің түсіне кірген? Осыны біле тұра, бүгін қалтаға сыйған дүние енді он жылдан кейін қанның клеткасына сыяды дегенге нанбасқа амал бар ма?
Интернеттің медиа, бизнес, ғылым мен саясаттағы, тағысын тағыдағы құдіретіне енді ешкімнің дауы жоқ. Қайта, “біз осыған тым тәуелді болып бара жатқан жоқпыз ба?” – деп алаңдаушылар қатары көбейіп келеді. Бүгінгі интернет – іскерлік алыс-берістің қуатты үдеткіші, ақпараттың негізгі аспабы, білім мен ғылымның басты құралы және билік үшін күрес пен саяси теке-тірістің алдыңғы шеп майданы.
Интернет тану жаңа ғылым, осы тақырыпта қисында сөз айтып, қалам қартқандар әлем жұрты ауызына қараған жаңа данышпандар болды. Оларға қойылатын негізгі сұрақ – интернет жеке адам, қоғам және мемлекет атаулының келешегін қалай түрлендіреді?
Осы күнгі ең беделді интернет танушылардың бірі, Гарвардтта ұстаздық етуші Clay Shirky-дің айтуынша, интернеттің шын мәнінде дүниені өзгертетін шарықтау шегі әлі алда. Интернет өзінің баспа, радио, телефон, кино мен телевидение секілді әлеуметтік революциялар тудырған технолгиялар лигасына кіруге лайықтығын енді ғана дәлелдеді. Осы 10 жылда қол жеткен ақпарат тарату технологиялары мен алуан түрлі әлеуметтік медиа-инновациялар адамдар арасындағы қарым-қатынасты басқа деңгейге көтерді. “Көтерді” дегенге көптің дауы бар, бірақ адам танымастай етіп өзгерткені анық.
Интернеттің арқасында бұқараға сөз жеткізу адамзат тарихында қазіргідей оңай болып көрген емес, сонымен бірге адамды сөзге сендіру, санасына саңлау табу мұндай қиын болып көрген жоқ.
Телефон жекелеген адамдарды байланыстырды. Баспа, радио, кино мен телевидение ақпаратты бір жерден көпшілікке тарата алуымен құнды болды. Интернет болса, жеке мен жекені, жеке мен көпшілікті және ең бастысы, көпшілік пен көпшілікті байланыстырудың әмбебап құралына айналды. Адам көрген-білгенін бөлісу үшін, “жариялану” үшін ешкімге жалынышты емес. Бұдан былай ең беделді ақпарат көзі жеке адам және өзі секлді басқа адамдар. Оқиға мен тұтынушы арасындағы автор, редактор, корректор, продюссер, баспагер секілді делдалдар жоқ. Бұдан былай қоғам тыңдарман, көрермен және тұтынушылардың тобы емес. Технология әр адамға оқиғалар мен жаңалықтарды жасап шығаруға мүмкіндік берді, пікірлестерін тауып, олармен жақындасуға оңай жол ашты. Ол ұйымдарда бірінші мен екінші, үшкен мен кіш, бастық пен бағыныштылар жоқ. Ықпал мен үлес тең. Ортақ мүдде төңірегенде бірігу, мұраттастар одақтарын құру, топ болып әрекет ету идеялары мұндай тартымды болған емес.
Әр адам мәлімет пен идеялардың тұтынушысы ғана емес, оларды жасап, ортаға салушы. Барлығы бірігіп, экономикалық және саяси қозғалыстың бағытын анықтап, жөн сілтеп отрудан дәмелі. Өйткені идея бар жерде, әрекет болары да һақ! Дайынбыз ба?
Дайынбыз, деп кесіп айтатындар көп емес. Интернеттің пәрменімен президенттікке жеткен Barack Obama да, қызметке кіресе салысымен online белсенділікті күрт азайтып, “жаңа тәсілдерден” бойын алшақтатты, уәде еткен online саласын либерализациялау бағдарламасын жылы жауып қойды. Оған не түрткі болды? Obama мен Biden сайлауды жеңісімен www.change.gov атты транзиттік жоба жасады. Мақсат – екеуін Ақ үйге алып кірген, негізінен online-да отырған көпшіліктің пікірін біліп, күн тәртібін солармен бірлесіп пішу еді. Алайда, www.change.gov арқылы пішілген күн тәртібіндегі номері бірінші мәселе – нашаны заңдастыру болып шықты.
Әйтсе де, американдықтардың әлеуметтік медианы саясатқа әкелуі сәтсіз болды деудің де реті жоқ. Денсаулық сақтау, салық салу саясаты секілді мәселелерде online қауымдастық бірталай ұсыныстарын өткізе алды. Өтпей қалған ұсыныстары бойынша президенттері арнайы жолдау жасап, істің мін-жайын оларға арнайы түсіндіріп әлек.
АҚШ мемлекеттік хатшысының сыртқы саясатты online жүргізу мәселелері жөніндегі кеңесшісі Alec Ross-тың айтуынша, адамзаттың тарихы – “ашық” және “жабық” қоғамдық жүйелерінің теке-тіресі. Интернеттің бүгінгі кемеліне келуі –ашық қоғам құндылықтарының жеңісі-міс. Американдықтар “жабық” деп айдар таққан елдер не ойлайды?
Солтүстік Корея, Қытай, Иран, бірсыпыра Араб мемлекеттері және көпке белгілі басқа да елдер жекелеген ғаламдық online компаниялардың қызметіне шек қойып, online байланысын таратушы операторларды мемлекет қарамағынан шығармауға бекінді. Оған да негіз бар.
Интернетті дамытушы технологиялардың барлығы дерлік жеке меншік Online алпауыттардың қолында. Google, Amazon, Apple, Fecebook-тердің жеке адамдар туралы жинақтаған ақпарат қоры – ең даулы тақырыптардың бірі.
Бұлар Сіз қайда және кіммен тұрасыз, қанша ақшаңыз бар, немен шұғылданасыз, не нәрсеге қызығасыз, кеше не сатып алдыңыз, ертең не сатып алуыңыз мүмкін, кіммен дос және кіммен қассыз дегендерді біледі. Соған негізделіп, Сізге нені оқыған, қараған және білген жөн, не сатып алу керек, кіммен жақындасқан орынды, ақыр аяғында кімге дауыс беріп, кіммен некелескеніңіз дұрыс дегендей кеңестер бере бастайды. Кибер шегарада бекініс жасап, интернетті интранетке айналдырып алу мардымсыз шара екені рас. Басқаша қалай күресеміз? Көңіл толтырар жауап жоқ.
Кибер қауіпсіздікке келгенде айтылатын жалғыз уәж мынадай – “…Өзіңізге жақын ортаға қосылу үшін немесе қажет бұйымға қол жеткізу үшін жеке мәліметтеріңізді өз еркіңізбен берген екенсіз, ілесе келген қауіп-қатер мен жауапкершілік те Сіздікі”. Бұған риза емес көпшілік “Үкімет қайда қарап отыр дейді?”. Осы тақырыпқа кітап жазып жүрген Eli Pariser есімді интернеттанушының айтуынша, әзірше мұнымен күрестің тиімді тетігі жоқ. Мұны ауыздықтайтын заң атулы әлі еш жерде жасалмаған. Өзінің ұсынысы – online компаниялардан олай істемесін деп өтінейік дейді. Ал ендеше!






Қазіргі кезде әлеуметтік медианы дамытуға түрткі болып отырған компанияның өздері де ақшаның көзін тапқанымен, жауапкершіліктің шегін бағамдай алмай отыр. Себебі әр елдің, қоғамның өзінің ұстанымдары бар. Google, Facebook басынан өтіп жатқан жағдай осыларды көрсетіп жатыр.
Алек Ростар қазір жаңа медианы Американың сыртқы саясатын әлемге насихаттау мақсатында пайдаланбақ. Бұл саланы тек саяси құрал деп түсінетін елдер әрі қарай оны саясиландыруға тырысады. Яғни, қоғамдық сананы басқару тәсілдерін қарастыра бастамақ. Менің ойымша, қазіргі елдің басшыларын қорқытатыны да осы. Бірдің пікірі мыңның пікіріне айналып, ернеуіне тасып кетуі оп-оңай…
Батыс бұдан қорықпайды. Ол әрі қарай не болуы мүмкін деп басын қатырады. Ал империяның шекпенінен шыққандар сол баяғы сарынмен бәрін тұншықтырумен шешкісі келеді. Бірақ бұнысын бұрынғыдай ашық емес, хикметпен істейді. Ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан алғанда құптауға болар. Бірақ адамның қалай дамып, не ойлау керектігіне басшылық етуі дұрыс емес тәрізді.
Қазақ қоғамында қазір жаңа медианы білім алуға, адам коэфициентін көтеруге қарай пайдалансақ ұтамыз. Қазақстан үшін жаңа медианың дамуы тіл факторына тікелей байланысты сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?